02 Қырқ 2021
Іс-шаралар

Құттықтау 1 қыркүйек

Құрметті ұстаздар! Қымбатты оқушылар, ата-аналар және қонақтар!

Сіздерді дәстүрлі Білім күнімен, жаңа 2021-2022 оқу жылының басталу мерекесімен құттықтаймын.

Адам өміріндегі сарқылмас қазына-ол білім. Адам баласы барлық арман, мақсаттарына тек білім арқылы ғана жете алады. Бүгін барлық білім беру мекемелері есіктерін айқара ашып, білім нәрімен сусындауға келген Отанымыздың жастарын, бүлдіршіндерін құшақ жая қарсы алуда.

Бүгінгі оқушы- білім бәсекесіне төтеп бере алатын, санасы ашық, халқымыздың рухани-адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген, үштілді еркін меңгерген тұлға болуы керек.

Осы мақсатқа жету жолында Шежін мектеп-бөбекжай-балабақша ұжымы қажырлы еңбек етуде. Оның дәлелі- өткен оқу жылының қорытындылары.

Мектебіміз  аудан  бойынша инновациялық мектеп атанып,

ІІ орынға ие болды.  «Алтын белгі» иегері Жексенова Дильназ Алматы каласындағы Абай атындағы Ұлттық университетінің грантын ұтып алды.

 Бұл, әрине ұлағатты ұстаздардың және ата-аналар мен оқушылар сіздердің арқаларыңыз деп білемін.

Тәуелсіз еліміздің 30 жыл мерейтойының  қарсанында, «Шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 5000 мектеп модернизациясы» жол картасы аясында NurOtan партиясының сайлау алды бағдарламасы бойынша мектебімізде осы оқу жылында асхана, кітапхана модернизациядан өтуге жоспарлануда.

Құрметті қауым!

Бүгін тарыдай болып 1-ші сыныпқа оқушы атанып, мектеп табалдырығын аттауға 10 бүлдіршіндер келіп отыр.

Аса қымбатты 1-ші сынып оқушылары! Біз сендердің келгендеріне өте қатты қуанып тұрмыз. Қане баршамыз 

1 сынып оқушыларын қошеметтейік! Сендер мектепте қызыққа толы өмір кешесіңдер, жан жақты білім аласыңдар, көп достар табасыңдар. Алғашқы қадамдарың құтты болсын. Мектепте тек қана жақсы және үздік бағалар алатын болыңдар.

Құрметті ата-аналар!

Білім саласында болып жатқан жахандандыру үрдісіне Сіздердің қатысуларыңыз ерекше маңыздылыққа ие болып тұр. Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде Сіздердің қолдауларыңыз, әрдайым назарларыңыз, оқу –тәрбие үрдісіне қатысуларыңыз маңызды шарт. Мына білім бәсекесі заманында бірлескен енбегіміз балаларымызды білім шыңына жетелесін.

Құрметті ұстаздар!

Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында қажырлы, өлшеусіз еңбектеріңіз әркез жемісті бола берсін! Шығармашылық игі бастамаларыңызға, педагогикалық ізденістеріңізге жаңа серпін, толағай табыстар тілеймін!

Ал оқушыларымызға осы тамаша заманның керемет мүмкіндіктерін пайдаланып, ілім-білім жинауға қашанда асығыңдар! Озық ойлы, өрісі кең, өрелі азамат болуға әркез ұмтылыңыздар!

Мереке құтты болсын!

Пайдалы ақпараттық ресурстар